
Абай облысында құтқарушылар мен дәрігерлер ауыр жағдайдағы жаңа туған нәрестені шұғыл эвакуациялады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде сәби жедел түрде ауруханаға жеткізілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінде хабарлағандай, жедел тасымалдау қажеттілігі туралы сигнал Ақсуат аудан орталығынан түскен. Нәрестенің жағдайы күрт нашарлап, әр минут шешуші рөл атқарды.
Денсаулық сақтау министрлігінің өтініші бойынша тапсырманы орындау үшін Қазавиақұтқару санитарлық авиациясының тікұшағы жұмылдырылды. Экипаж дәрігерлер бригадасымен бірге шұғыл түрде Ақсуатқа ұшып, сәбиді Семей қаласына жеткізді.
Бала мен оның анасы медициналық мекемеге аман-есен жеткізілді. Қазір олар мамандардың бақылауында,-деп хабарлайды ҚР ТЖМ.