
Тігін өндірісі – еліміздегі перспективалы бизнес, ол әсіресе соңғы жылдары қарқынмен дамып келеді. Старттағы ең аз инвестициялардың арқасында кәсіпкерлер тігін цехтарын белсенді түрде ашады, бірақ тәжірибе көрсеткендей көбісі тез жабылады. Осы салада 12 жылдан астам уақыт өз бизнесін дөңгелетіп, «ARUA» төсек-жаймаларының брендін қалыптастырған, Ernst & Young “Жыл кәсіпкері – 2018” жаһандық байқауының ұлттық кезеңінде “өңірлік көшбасшысы” номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған, шымкенттік кәсіпкер Гаухар Насырова төсек-жаймаларын тігу өндірісін қалай бастағанын, пандемия кезінде кәсібін бір күнге де тоқтатпай, нарық бәсекелестігінде төтеп беру сырымен бөлісті.
ИДЕЯ АЛЫСТАН КЕЛГЕН ЖОҚ!
Гаухар мен оның жұбайы Фатхулла компанияның негізін 2010 жылы қалады. «Оңтүстік» индустриалды аймағынан жер телімін алу, зауыттың құрылысы, несие рәсімдеу, құрылғыларды сатып алу, жұмысшыларды жалдау сынды шаруаларды реттеуге 3 жылдай уақыт қажет болды. Гаухардың сөзінше, зауыттың құрылысына барлығы 260 млн теңге (несие және өз жинақтары) жұмсалды.
«Біз банктен несие рәсімдедік, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша «Дамудан» 4% субсидия алдық және өз қаражаттарымызды да қостық»,-дейді кәсіпкер Гаухар Насырова.
Жаңа зауыт “АГФ Групп” деп аталды. АГФ – бұл Гаухар, оның анасы Анипа мен жұбайы Фатхулла – кәсіпорынды құруға қатысқандардың алғашқы әріптері.
Гаухар жалпы, бұл кәсіптің отбасылық бизнестің бір тармағы екенін жасырмайды. Яғни, Гаухардың анасы Анипа Халбаева Шымкенттегі «Гаухар» тігін фабрикасының негізін қалаған. Әлі де осы фабриканың тізгінін ұстап келеді. “АГФ Групп”-тың құрылуына да Анипа Халбаеваның септігі тиген.
2008 жылы Анипа Халбаева қызы мен күйеу баласын «Гаухар» тігін фабрикасына жұмысқа шақырып, осы саланың қыр-сырын үйретеді. Кейіпкеріміз бен оның жұбайы осы бағытта тәжірибе жинақтайды. Бұл оларға өз алдына жеке кәсібін ашуға көмектеседі. Гаухардың жұбайы Фатхулла Ташкент тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институтын бітірген және осы саланы жақсы меңгерген еді, сондықтан олар үшін бұл кәсіпті игеру қиынға соқпады.
IKEA-МЕН ЖҰМЫС ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ
Сонымен ерлі-зайыптылардың өз кәсіптеріне білек сыбана кіріскен жыл – 2013 болатын. 50 тігіншімен ісін бастаған компания осы уақыт аралығында талай белестерді бағындырды.
2014 жылы Ресейлік балалар киімінің ең ірі өндірушісі “Orby”- мен келісімшартқа қол қойылды. Жеткізу сомасы 500 мың долларға жетті, бұл зауыттың жалпы өндірісінің төрттен бір бөлігі болды. Бірақ, теңге мен рубльдің бағамының тұрақсыздығынан зауыт ірі тапсырыс берушіден айырылып қалады.
Келесі белес – IKEA дүкендерімен жұмыс болды.
« 2014 жылы “АГФгрупп”үшінжаңатапсырыс берушіні белсенді түрде іздейбастадық”, – депжалғастырды Насырова.
– Мәскеудегі көрмелердің бірінде біздің компаниялар Ресейдегі IKEA дүкендері үшін перделер, халаттар және басқа да тоқыма бұйымдарын шығаратынын естідік. Бұл бізді шабыттандыра түсті. IKEA-ға қоңырау шалдық. Ондағы басшылар көптеген көрсеткіштерді, соның ішінде қаржылық тұрақтылықты көрсетуді талап етті. Кейбір нәрселер біз үшін мүлдем жаңа болды. Күйеуім екеуміздің ағылшын тілін білетініміз біз үшін тиімді болды, бұл тез түсінісуімізге көмектесті. Әрине, олар бірден келісе қоймады. Бірақ біздің жолымыз болды!»,-дейді кәсіпкер.
IKEA-мен жұмыс істеу үлкен тапсырыстарды қамтығанымен, сатып алу бағасы тым төмен еді. Соны біле тұра ерлі-зайыптылар нар тәуекелге бел буды. IKEA мен келісім жасалатынын немесе жасалмайтынын білмесе де туыстарынан қарыз алып, өз жинақтарын қосып, жетпеген сомманы несиеге рәсімдейді. Бас-аяғы 350 мың доллар жинап, зауытқа жаңа жабдық сатып алады.
2015 жылдың желтоқсанында IKEA “АГФ групп” – пен төсек-жаймаларын жеткізу туралы келісім жасады.
2016 жылдан бастап “АГФ Групп” ресейлік IKEA дүкендеріне өнімді жеткізе бастады. Бұған дейін компания бір жарым жыл бойы екі кезеңнен тұратын iway стандартына сәйкес күрделі аудиттен өтті. Тексерушілер әр бұрышты тексеріп, әр бөлшекті зерттеді.
Алдымен жеткізу көлемі айына бес палитраны (1500-2000 өнім) құрады, кейін бұл көрсеткіш айына 200 мың өнімге жетті.
Бұл мекеменің ең шарықтаған кезі еді. Себебі, тапсырыс көп болатын. Сәйкесінше жұмысқа тартылған тігіншілерді де саны күрт өсті. Мекеме сол жылдары 250 адамға дейін жұмыспен қамтыды.
Бірақ өкінішке орай, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан IKEA-мен жұмыс тоқтады. Ресейге бірінен соң бірі салынған санкциялар мен шектеулер, сайып келгенде, IKEA-мен жұмысты тоқтатуға мәжбүр етті.
ARUA ЖӘНЕ SUAVE БРЕНДІ ҚАЛЫПТАСТЫ
2017 жылы өнімнің сатылымы 4 есе өсті. Бұл ерлі-зайыптыларды өз брендімен өнім шығаруға шабыттандырды. Осылайша 2017 жылы төсек жаймаларының екі желісі – Arua және Suave пайда болды. Біріншісі ішкі нарыққа арналған. Ол түркиялық өніммен салыстырғанда жоғары сапалы, бірақ арзан. Екіншісі – «люкс» сегменті. Сол жылдың қараша айында Шымкентте алғашқы «Arya» фирмалық дүкені ашылды. Араға бір жыл салып Shymkent Plaza да «Arya»-ның бутигі ашылды. 2019 жылдан бастап компания тауарлары Алматы мен Астана қалаларындағы сауда орталықтарында сатыла бастады.
Насырованың айтуынша, ресейлік брендтермен бәсекелесу қиын, өйткені олардың барлығы төменгі баға сегментінде жұмыс істейді. Ал олар орта сегментті таңдап отыр.
Бүгінде зауыттың қуаттылығы күніне 10 мың өнімді құрайды. Мекемеде 100-ге жуық тігінші еңбек етуде.
Сатуға арналған төсек-жаймаларын тігу тиімді кәсіп болуы мүмкін. Бірақ сәттілік: сапа, тарату арналары, баға және бәсекелестік сияқты бірқатар факторларға байланысты. Бірақ ең бастысы – өз кәсібіңді сүю және кейіпкеріміз сияқты нар тәуекелге бел буа білу. Сондықтан да қаандай кәсіп бастауды ойластырып жүрсеңіз де сәттілік серігіңіз болсын!
Айжан Ермекқызы