Шымкент: “Көктем” базары жаңа сауда орталығына көшірілді – 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: “Көктем” базары жаңа сауда орталығына көшірілді

13

Шымкенттегі “Жібек жолы” бойында орналасқан «Көктем» базары жұмысын тоқтатқан жоқ.

Бүгінде базар жанынан бой көтерген жаңа үш қабатты заманауи сауда орталығына көшірілуде. Кәсіпкерлері өз қызметін жаңа орында жалғастырады.

Бұл жұмыстар базарды жаңғырту, қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды күшейту, кәсіпкерлерге және тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Ескі базардың дәл жанында орналасқан жаңа ғимараттың инфрақұрылымы талаптарға сай жабдықталған.

Жаңа сауда орталығының жалпы аумағы – 7200 шаршы метр. Мұнда кәсіпкерлердің жұмысын жалғастыруына бар жағдай қарастырылған. Сауда орындары кең, жарық әрі ыңғайлы.

— Алғашқы 3 ай жалдау ақысы — тегін. Кейіннен жалдау құны олардың «Көктем» базарында төлеп жүрген деңгейінде сақталады. Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді,- делінген Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сауда бағыттарына сәйкес:

• 1-қабат сантехника және құрылыс материалдарына арналған;
• 2-қабатында – күнделікті тұтыну тауарлары, көкөніс, жеміс-жидек, ет өнімдері саудаланады;
• 3-қабат – киім-кешек, ойыншықтар және өзге де халық тұтынатын тауарларға берілді.

Жалға алу құны бұрынғы базардағы бағамен сақталды.
Мысалы, 2х3 метр көлеміндегі бутикті бұған дейін 25 000 теңгеге жалға алып келген кәсіпкер жаңа нысанда да орынды осы ақыға жалдай алады. Бұл – кәсіпкерлердің жағдайын ескере отырып қабылданған шешім.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Олар жаңа сауда орнына кезең-кезеңімен жайғастырылуда. Барлық сатушыларға жеке орындар қарастырылған.

Бұл көшіру – уақыт талабына сай бейімделудің, кәсіпкерлікті дамыту мен сауда мәдениетін дамыту жолындағы маңызды қадам.