Шымкент: 2025 жылы баспана кезегінде тұрған 379 азамат жалдамалы пәтермен қамтылмақ

Былтыр қала әкімдігі жыл соңына дейін 1 000 азаматты арендалық (жалдамалы) пәтермен қамтамасыз етуді жоспарлаған болатын. Оның ішінде 803 азаматқа пәтер кілттері табысталып, қалған 197 пәтер биылғы жылдың еншісіне қалдырылған-ды. Яғни, бұл пәтерлер 2025 жылы иелерін табуға тиіс.
Бүгінде қалада тұрғындарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы кезекте тұрған 379 азаматты жалдамалы пәтермен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімі нақтыланып, жүйеленуде. Жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, 6 972 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды.
Қазіргі таңда Шымкентте жалдамалы тұрғын үйге төленетін ақының бір бөлігі субсидиялануда. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 17 маусымдағы №221 бұйрығына сәйкес, елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі енгізілді. Мұны халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үй жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік шара деуге болады.
Аталған бұйрыққа сәйкес, жалдау ақысы бойынша субсидия алу құқығына ие азаматтардың қатарына жетім балалар, көпбалалы отбасылар, I және II топ мүгедектері, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Олар тұрғын үй алу кезегінде ресми тіркеуде болуы тиіс.
2025 жылға аталған бағдарлама аясында 552,3 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл қаржы әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй жалдау шығындарын жеңілдетуге бағытталып отыр. Шымкент қаласы бойынша 2 906 отбасыға жалпы сомасы 230 миллион теңге көлемінде субсидия берілген. Сала мамандары бұл бағдарлама аясында қолға алынған алғашқы ірі қадамдардың бірі екенін айтады.
Жалпы мұндай бастама тұрғын үй жалдау құнын жеңілдетіп қана қоймай, әлеуметтік осал топтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың тұрақты баспанамен қамтамасыз етілуіне септігін тигізеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдау шарасы алдағы уақытта да жалғасып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құралдардың біріне айналмақ.