
Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына Шымкент қаласының бюджетінен жалпы 6 миллиард 851 миллион 677 мың теңге бөлініп, оның 6 миллиард 851 миллион 347 мың теңгесі игерілген. Оның ішінде субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау көлемі 7 бюджеттік бағдарлама бойынша 6 миллиард 68 миллион 243,9 мың теңгені құраған. Ресми деректер бойынша бұл қаржыға шаруалар мен диқандарға нақты қолдау көрсету бойынша жұмыс атқарылған.
Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге де айрықша мән беріледі. Соған орай, аймақтарда ет, сүт, дәнді дақылдар мен жеміс-көкөністі өңдейтін ірілі-ұсақты кәсіпорындар көптеп ашылып жатыр. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, соңғы үш жылда 50-ден астам өнім өңдейтін зауыт іске қосылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі 15 пайызға артты. Әсіресе, ет, сүт және майлы дақылдарды өңдеу өндірісі қарқынды.
Мемлекеттен қолдау тауып, өзінің кәсібін дөңгелетіп отырғандардыың бірі – Айжан Райымбекова.
Айжан мен оның жолдасы Бекжанның Бөген суқоймасындағы «Аqtorе» ЖК түйе қожалығы бар. Сол жақтан сауылған түйе сүтін әкеліп, үй жағдайында шұбат, қымыран жасайды. Таңалакеуім сағат 6.00-де тыпыршып тұрғаннан кеш қарайғанға дейін тынбайды.
Түйе шаруашылығына келем деген Айжанның үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 2020 жылы қайын атасы мен күйеуінің қолдауымен түйе шаруашылығымен айналысуды қолға алыпты.
«Бүкіл фермерлер түйе сүтін Түркістан облысындағы «Golden Camel milk» зауытына өткізетінбіз. 2022 жылы зауыт жұмысын тоқтатқан соң, барлығымыз сүтімізді қайда жіберерімізді білмей абдырап қалдық. Отағасы: «Сүт өткізетін жер жоқ, малшыларымызға айлық төлеуіміз керек, өзің сат!» — деді. Ал, мен өмірімде шұбат, қымыран ішіп көрмегенмін. Бухгалтерлік курс оқып, жеке маркетингтік компанияда менеджер болып істейтінмін. Отбасылық кәсібіміз құрдымға кетпес үшін тәуекелге бел буып, шұбат өндірісіне бет бұрдым. «Aqtore camel milk» брендімен үй жағдайында кішігірім цех аштық. Шұбат пен қымыранның не екенін тереңнен зерттей бастадым», — дейді Айжан Райымбекова алғаш кәсіпке келген кезін еске алып.
Қымыран – дромедар деген екі өркешті түйеден алынатын, майлылығы 4 пайыздық сүттен жасалатын ашымалы сүт өнімі. Ал, бір өркешті аруанадан сауылатын, майлылығы 3,8 % болатыны шұбат делінеді. Қымыранның майлылығы жоғары. Айжанның фермасында бір өркешті, қос өркешті түйелер бар.
Былтырғы жыл «Аqtore.camel milk» жеке кәсіпкерлігі үшін табысты жыл болды. Осы орайда, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айту керек. Айжан Темірханқызы бірнеше жыл қатарынан «Атамекен» палатасының «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына бірнеше рет қатысып, жеңімпаз атанған. 2024 жылдың аяғында мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алды.
«Алдағы уақытта кәсібімнің одан әрі жақсы дамуы үшін керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, өнімімді тек Шымкент қаласы бойынша ғана емес, бүкіл қазақ еліне тасымалдауды көздеп отырмын», — дейді ол.
Кәсіпкер мемлекет берген 5 миллион теңгеге автоматтандырылған 3 құрылғыға осы мегаполистегі цех құрал-жабдықтарын жасаумен айналысатын «Бердібеков» ЖК-нен қол жеткізіпті.
“Бірінші ҰПВ (ұзақ пастерлеу ваннасы) ішіне сүтті құямын. Бұл сүтті зиянды микроорганизмдерден залалсыздандыру мақсатында пастерлейді. 63 градусқа дейін ғана жылытуға болады. Ыдыратқыш (диспергатор) арқылы қосымшалар қосамын. Бұл құрылғы қатты кернеумен қосылған қосымшаларды біртекті массаға айналдырады. Қаптамалы құбырлы жылу алмастырғышта сүт суытылады. Суытылған соң қайта пастерлеу ваннасына айдап, қозғап, дәмін көріп, қайта айналдырып жіберіп, соңында құтыға құямыз. Бұл құрылғылар толық цикл емес, жарты циклды зауыт есебінде, құтыға құюға дейінгі процесс. Тағы автоматизацияланған құрылғы алсам, құтыға өзі құяды. Сонда толық цикл болады. Құтыға құятын құрылғының бағасы – 7 миллион теңге шамасында”, — деп Айжан қайтарымсыз грант қаржысын қандай мақсатқа жұмсағанымен бөлісті.
Айжан құрылғы алғанға дейін жазғы маусымда күніне 50-60 литр сүт сатқанын айтады. Сөзінше, жазда сүт тез ашиды. Бәрі тез сатуға тырысады. Сәйкесінше, бағасы да арзандайды.
“Қазір қалада литрін 1500 теңгеден әрең табасыз. Сағатына 100 литр шығаруға жаңа құрылғының қуаты жетеді. Бизнес жобам бойынша бір жұмысшы алуым керек. Егер жұмысшы қабылдасам, 300 литрге дейін шығара аламыз. Сонда құтыға құю, дүкенге тасумен өзім айналысамын. Оның барлығы қара жұмыс”,-дейді ол.
Қазір «Атамекен» палатасы сүтті қайта өңдеу туралы оқу-жаттығу практикалық жұмыстарын жүргізіп, түйе сүтін өңдеудің жаңа технологиясын үйретіп жатыр. Логотипімді жасауға көмектесті.
Көп балалы кәсіпкер ана шаруаны бастаған кезде 100-ден аса түйелері болғанын айтады. Қазір 70-ке жуық екен.
“Түйе де қартаяды. Түйенің төлін 1,5 жыл саууға болады. Енді ауыл-аймақтан сүт жинауға кірісеміз. Бізге сол да тиімді. Өйткені, қожалықтың жұмысын жүргізу оңай емес. Малшы, сауыншының жалақысы, жатын орны, ішіп-жемі, малдың күтімі, ем-домы, бәрі қаржыға кеп тіреледі. Әрбір мал жылына кемі екі рет тексеруден өтеді. Ауру мал емделіп біткенше біраз уақыт сауылмайды. Сондықтан шығыны шаш етектен. Бар малымызды сауып, қалғанын ауылдардан жинасақ па деп отырмыз. Түркістан облысында түйе қожалықтары көп. Жазғы уақытта сүт көбейгенде қайда жіберерін білмейді”,-дейді Айжан.
Елімізде түйе сүтінің маманы өте аз. Дүкендерді қарасаңыз, отандық шұбат, қымызды табу қиын. Башқұрт қымызы деген бар. «Бал қымыздың» сыртында да Башқұртстан деп жазылып тұр. Мәселен, оңтүстікте шұбат өндірісімен «Ақбастау», «Отырар шұбаты» дегендей бірді-екілі кәсіпкерліктер аз ғана көлемде айналысады. Ал сұраныс өте көп. Жұрт таза өнім ішкісі келеді. Өскелең ұрпақтың сүйек қаңқасының дұрыс қалыптасуына көптеген витаминдер жетіспей жатады. Ағарған ішіп өскен балада кальций, магний, фтор секілді элементтер болады. Бұл проблемаларды өзімнің балаларымнан байқадым, себебі күнделікті мектепте немесе көшеде тек газдалған тәтті сусындардың белең алуы қатты алаңдатты. Жасөспірімдер арасында газдалған тәтті сусындардың орнына ұлттық шұбатымызды қолданысқа енгізіп, насихаттасақ, ұлт саулығына титтей болса да үлес қосқанымыз деп білемін. Төрт жылдық еңбектің нәтижесі, бүгінде балаларымның сүйіп ішетін сусыны – шұбат. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» демекші, ата-ана үйде пайдалы сусындарды сүйсіне отырып ішсе, бала да қуана сімірері сөзсіз. Тек менің балаларым емес, бүкіл қазақ еліне шұбат пен қымыранның кішкентай құтысын дәріптей алсам, мақсатыма жеткенім. Басты мақсатым – халық арасында ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық сусынын дәріптеу. «Бөрте» бренді сияқты масштабқа шыққым келеді.
Сол үшін де осы саланы қолға алып, алға қойған үлкен мақсатыма аз-аздап болса да қадам бастым. Осы қадамымның нәтижесінде Қазақстанның 100 үздік кәсіпкерінің бірі атандым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе.
Кәсіпкер айына 300-400 мың теңге табыс табатынын жасармады. Алайда, кәсіпті кеңейтсе, 1 миллион теңге табыс табуға болады дейді.
“Қытайдан келетін миллион қоспасы бар өнімнің орнына шөлді қандыратын, денсаулықты нығайтатын ұмытылып бара жатқан ұлттық сусынымызды жаңғыртып жатырмын. Бір жақсы жері, қалдықсыз кәсіп. Бұрын құрт жасайтын едім. Онша жақсы өтпеді. Өйткені, түйенің сүті өте майлы болады. Ол асқазанда қорытылмайды. Ал, түйе сүтінде казеин атымен жоқ, иммуноглобуллин, С дәрумені 5 есе, фосфор, темір 2 есе көп. Микроэлементтерге бай”,-дейді.
Кәсіпкердің айтуынша, түйе ежелден шөлді-тұзды аймақтардың табиғат жағдайларына жақсы бейімделген, шыжыған ыстықта да апталап сусыз тіршілік ете алатын бірден-бір түлік. Соған қарамастан, оларды жазда күніне 2 рет, қыста 1 рет суару қажет, тұзды-кермек суды жақсы ішеді. Қолайсыз табиғат жағдайларында азық ретінде пайдалану үшін өркешіне артық май жиналады. Кеудесіндегі, табандарындағы, шынтағындағы, тізесіндегі қажау сүйелдерінің арқасында ыстық жерде, құмда жата алады. Түйенің тағы бір биологиялық ерекшелігі – қыста қолда бағуды, сапалы азықтандыруды және жылы қораны керек етпейді. Бірақ, түйе жүні қырқылғаннан кейінгі алғашқы аптада өкпек жел мен жоғары ылғалдылыққа төзімсіз. Осы мезгілде олардың жауын-шашын мен суыққа ұрынбауын қамтамасыз ету керек.
Түйенің сүті, еті, жүні пайдаланылады. Сүтінен емдік қасиеті бар шұбат, май, сыр, дайындалса, еті тағамға қолданылады, ал жүнінің 85 пайызы таза, өте бағалы түбіт.