Шымкент: Грант қаражаты мақсатты жұмсалуы керек – 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Грант қаражаты мақсатты жұмсалуы керек

10

Шымкентте жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттардың алғашқы легі бөлінді. Нәтижесінде 134 азамат 1 572 800 теңгеге дейінгі қаржылай қолдауға ие болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, барлығы 934 өтінім қабылданып, комиссия шешімімен ең тиімді жобалар таңдалып алынған. Грант иегерлерінің дені – әлеуметтік осал топ өкілдері. Мемлекеттік гранттар тұрғындардың кәсіп ашуына, табыс табуына және жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік беріп отыр.

Сәрсен Абайұлы екі жылдан бері қалада үй жануарларын есепке алу процесі жүріп жатқанын жеткізді. Есепке алуды ветеринарлық клиникалар мен жергілікті ветеринариялық ұйымдар жүргізеді. Үй жануарларын тіркеу үшін иесі дербес түрде чип, жағалық белгі, құлақ сырға немесе татуировка сияқты құралдарды таңдап, сатып алуға тиіс екен. Сол 2023 жылдан бері қалада 1492 ит пен 476 мысық тіркелген. Биылдың өзінде 130 ит пен 42 мысық тіркеуге алынған. Жануарлар өлген жағдайда иелері он күн ішінде тиісті мекемелерге хабарлауы қажет. Есепке алынбаған жағдайда жеке тұлғаларға – 10, лауазымды тұлғаларға – 20, заңды тұлғаларға – 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Бұдан бөлек, 2025-2026 жаңа оқу жылына Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру бағытында 8000 грант бөлінді. Оның 800-і нақты жұмыс беруші кәсіпорындардың сұранысымен жоспарланып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл жұмысшы мамандықтарына басымдық беріліп, грант көлемі 29,2 пайызға ұлғайған. Арнайы комиссия шешімімен 70 мамандықта 26 колледжге гранттар орналастырылды. Ал, әлеуметтік осал санаттағы жастар Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес арнайы квотаға ие болады.

Қалалық мәслихаттың шешімімен еңбек ардагерлерінің денсаулығын жақсарту мақсатында шипажайларға тегін жолдамалар беру қарастырылған. Жолдамалар зейнеткерлерге кезек тәртібімен geo-shym.kz сайты арқылы тіркелу негізінде ұсынылады. Бүгінде 26 мыңнан астам зейнеткер тіркеліп үлгерсе, жылдық лимит – 7 500. Осыған сәйкес, әрбір зейнеткер шамамен 2,5–3 жылда бір рет тегін сауықтыру қызметіне қол жеткізе алады. Биыл шипажай қызметтері Шымкенттегі «Денсаулық» және «Ізетті зейнеткер» кешендерінде, сондай-ақ, Түркістан облысындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайларында ұсынылып жатыр. Жаңа ғимаратқа көшкен «Ізетті зейнеткер» орталығы енді 120 зейнеткерді бір уақытта қабылдай алады. Жыл басынан бері бұл орталық 836 зейнеткерге қызмет көрсеткен. Олардың 558-і жаңа ғимаратта ем қабылдаған.
Бұдан кейін ресми өкіл қосымша білім беруге қатысты пилоттық жоба туралы кеңінен тарқатып айтып берді.