Шымкент: 2025 жылы жұмыс істейтін 900 жас тұрғын үйге қол жеткізді

Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй беру бағдарламасы жалғасын табуда.
Толығырақ айта кетейік, 2019 жылдан бастап Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып келе жатқан жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы – еліміздің жастарына үлкен мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.
Яғни, аталмыш бағдарлама аясында жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерлер ұсынылады.
Бағдарламаның мақсаты – еңбек етіп жүрген жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Шымкент қаласында бұл бастама нәтижелі іске асып келеді. Мәселен, 2019 жылдан бері Шымкентте 3 849 жас отбасы осы бағдарлама аясында жалдамалы пәтерге қол жеткізді. Тарқатыңқырап айтар болсақ, 2020 жылы – 904, 2021 жылы – 300, 2022 жылы – 857, 2023 жылы – 888 және 2025 жылы 900 отбасы жалдамалы пәтер иесі болды.
Бастапқы кезеңде тұрғын үй 5 жыл мерзімге жалға берілсе, 2023 жылдан бастап бұл мерзім 3 жылға қысқартылды. Мұндай өзгерістің өз кезегінде жастардың баспаналы болуына мол мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, бағдарлама жастарға тек уақытша баспана ұсынумен шектелмей, олардың еңбек нарығында орнығуына, болашаққа сеніммен қарауына ықпал етеді.
Бағдарламаға қатысу талаптары
Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
Қазақстан Республикасының азаматтығын иеленген, 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар (34 жасқа дейін);
Жалпы білім беретін мектептердің және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының немесе жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын меңгерген және қазіргі уақытта еңбек қызметін атқарып жүрген азаматтар болуы қажет;
Соңғы 6 айда ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен (яғни 147 680 теңге) кем болмауы керек;
Өтініш берушінің Шымкент қаласында өтінім бергенге дейін соңғы 3 жыл ішінде тұрақты тіркеуде болуы міндетті;
Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің болмауы тиіс (апатты жағдайдағы үйлерді қоспағанда);
Сондай-ақ, өтініш берушіде екінші деңгейлі банк жүйесі арқылы тұрғын үй құрылыс жинақтары шотының болуы қажет.