
Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының деректері бойынша 2025 жылға арналған бюджет 26 миллиард 49,3 миллион теңгені құрайды, бұл абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жобаларды жалғастыруға мүмкіндік береді.
Бюджеттің едәуір бөлігі – 15 миллиард 175,6 миллион теңгесі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобаларға бағытталатын болады. Бұл қаланың жедел даму үшін жеке инвестицияларды тартуға деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, Шымкент каналдарының техникалық жай-күйін сақтауға және жақсартуға, су ағынын бақылауға және ұлғайтуға, сондай-ақ негізгі жасыл аймақтарды: дендрологиялық парк пен “жасыл белдеу”-ді ұстауға елеулі қаражат бөлінді. Қаланың көшелері мен саябақтарын абаттандыру мен көгалдандыруға төрт миллиард теңгеден астам қаражат жоспарланған.
2024 жылы Еңбекші ауданының Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас тұрғын алаптарында, сондай-ақ Абай және Тұран аудандарында (Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл) үш учаскеде Бадам өзенінің арнасын түзету және нығайту бойынша маңызды жұмыстар аяқталды. Орындалған жұмыстардың жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрады. 2025 жылы ұзындығы 5,5 шақырым болатын Бадам өзенінің ең қауіпті учаскелері үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.
Сонымен қатар су объектілері бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы құны 1,076 миллиард теңгеге жететін “Кәусар” каналының құрылысы жалғасуда. Қазірдің өзінде “HYDROLIFE-2050” ЖШС-мен шарт жасалды және жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Ескерту жүйесін орната отырып, “Ақжар” су қоймасын күрделі жөндеу 40% – ға орындалды.
268,94 шақырым қалалық каналдарды механикалық және санитарлық тазалауды “ТЕЛҚОҢЫР” ЖШС жүзеге асырады. Сондай-ақ, “Текесу”су қоймасының бөгеттеріне тексеру жүргізілді. Жоспарда-“қызыл-Сенгір” (9,3 км) және “Янгибай” (8 км) арналары үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу.
Қошқарата өзенінің жағасын Жангелдин көшесінен Интернационалдыға дейін абаттандыру маңызды қадам болмақ. Жобалық құжаттама дайын және жақын арада жұмыс басталады.